Русский Қазақша

ЖАЛАҒАШ АУДАНЫ

Әкімдігінің ресми интернет - ресурсы

ІЗДЕУ
Аудан
Билік
Құқық
Экономика
Бизнес
Инфрақұрылым
Қоғам
Мем. қызметтер
Байланыс
Әкім блогы
Анықтама
Сайт картасы Аудан әкімі аппараты
Билік
Құқық
Экономика

Аудан әкімінің есебі

Жалағаш ауданының әкімі Т.Дүйсебаевтың 2016 жылы атқарылған жұмыстары туралы есебі


Құрметті ауыл тұрғындары!

 

Өткен жыл еліміз үшін тарихи және саяси оқиғаларға толы, абыройлы жыл болғаны баршамызға белгілі.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы - Еліміздің жаңа тарихындағы маңызды да, айтулы оқиға. Осы ширек ғасырдың ішінде еліміз толағай табыстар мен мол жетістіктерге қол жеткізді.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуындағы үлкен жетістіктердің барлығы Елбасының сарабдал саясаты мен көрегендігінің жемісі және барша Қазақстандықтардың ортақ табысы.

Елдің дамуына аудан халқы да өзіндік үлесін қосып келеді.

Аудан еңбеккерлері мерейлі мерекелер тоғысқан 2016 жылды барлық салалар бойынша толымды табыстармен қорытындылап отыр. Аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық ахуалы тұрақталып, өңірдің өндірісі мен ауыл шаруашылығы жыл сайын дамып келеді. Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бағытында жаңа жобалар жүзеге асырылуда.

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарынан туындайтын тапсырмаларды, мемлекеттік бағдарламаларды және аудан әкімінің 2016 жылға арналған Іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру мақсатында ауданда біршама жұмыстар атқарылды.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, елді мекендерде жергілікті өзін-өзі басқару жұмыстары жүзеге асырылды.

Сонымен қатар, 2016 жыл ауданымызда маңызы зор қоғамдық-саяси шаралармен ерекшеленіп, мерейлі белестер жылы болды. Осы орайда ауданымызда Ұлы Отан соғысының ардагері, ауыл шаруашылығының көрнекті ұйымдастырушысы Мөрәлі Шәменовтың 100 жылдық, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек ері Алдаберген Бисеновтың 90 жылдық мерейтойлары, ақын жерлестеріміз Темірше Сарыбаевтың 75 жылдығы мен Асқар Кіребаевтың 70 жылдық еске алу кештері кең көлемде аталып өтті.

Бұл мерекелердің ұлтымыздың рухы мен ауданымыздың мерейі үшін айрықша орны бар.

Ауданымыздың экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстар үзіліссіз жүргізіліп, нәтижесінде экономикада тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері артты.

2016 жылы өнеркәсіп өнімдерін өндіру 109,8 пайыз болып, 3,2 млрд. теңгеге жетті.

Өнеркәсіп өнімдеріне талдау жасағанда төмендегі мөлшерде өнеркәсіп өнімдері өндірілді: өңдеу өнеркәсібі 111,0 пайыз, ауыз су 99,0 пайыз, электрмен жабдықтау 98,4 пайыз.

Негізгі қорға тартылған инвестицияның бағалау көлемі 2 млрд. теңгені құрады. былтырғы жылдың осы кезеңінің салыстырмалы бағасымен алғанда 64,6 пайызды құрады.

Себебі: 2015 жылы республикалық бюджет есебінен 366,3 млн.теңге және жеке қаражат есебінен 1491,9 млн.теңге инвестиция тартылып, биылғы жылдың бағалау көлеміне әсерін тигізіп отыр.

Қаржы-салық саясаты

Аудан бюджетінің нақтыланған жалпы түсімдері 6 млрд. 532 млн. теңгеге орындалды. Оның ішінде:

Жергілікті кірістер болжамының орындалуы 102,1 пайыз.

Аудан бюджеті шығыстары 6 млрд. 503 млн. теңгеге атқарылды немесе 99,6 пайыз.

2017 жылға арналған аудан бюджетінің жоспары 7 млрд. 30 млн. теңге көлемінде бекітілді. Бюджеттің барлық әлеуметтік бағыттары сақталды.

Ауыл шаруашылығы саласы

Егін шаруашылығы

2016 жылы ауданда барлығы 33 215,7 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Әртараптандыру мақсатында 2015 жылы орналастырылған егіс көлемімен салыстырғанда күріш көлемі 5 пайызға немесе 923 гектарға азайтылып, жаздық бидай көлемі 2786 гектарға, мақсары 827 гектарға, жаңа жоңышқа 300 гектарға көбейтілді.

Өткен жылы мемлекет тарапынан егін шаруашылығын субсидиялауға барлығы 818,0 млн теңге көлемінде жеңілдіктер берілді. Оның ішінде минералдық тынайтқыштар, гербицидтер құнын арзандатуға 318,3 млн теңге, өсімдік шаруашылығының шығымдылығын және өнім сапасын арттыруға 415,3 млн теңге, суармалы суды жеткізіп беру қызметтер құнын арзандатуға 80,5 млн теңге, тұқым шаруашылығын суибсидиялауға 3,9 млн теңге,

Нәтижесінде негізгі дақыл күріш 19512 гектарға егіліп, әр гектардан орташа есеппен 57,3 центнерден 111897 тонна өнім алынды. Сонымен қатар, 549 гектар жаздық бидай, 18 гектар арпа, 18 гектар сұлы, 1203 гектар мақсары дақылдары жиналды. 1 гектар жаздық бидайдан 12,0 центнерден, арпадан 10,0 центнерден, сұлыдан 10,0 центнерден, мақсарыдан 6,5 центнерден орта өнім алынды.

Бақша дақылдарын өндірістік негізде дамыту үшін Жаңадария ауылдық округінен «АгроЭкоПродукт» ЖШС 53 гектар жерге картоп, «MAGRO» ФҚ-ғы 62 гектар жерге бақша, 12 гектар картоп, 1,5 гектар көкөніс дақылдарын орналастырды. Бақша дақылдарынан бір гектардан 200 центнерден 1240 тонна жалпы өнім алынды. Ауданда алғаш рет алынған қауын өнімінің 400 тоннасы Ресей Федерациясына, 20 тоннасы Қырғызстанға экспортқа шығарылса, 20 тоннасы Павлодар, 20 тоннасы Ақтөбе облыстарына сатылды.

Жалпы аудан бойынша 12,5 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді, былтырғы жылдың осы кезеңінің салыстырмалы бағасымен алғанда 1,2 пайызға артты (былтыр осы кезеңге 9710,2 млн теңге).

Ауыл шаруашылығы техникалары жыл өткен сайын жаңара түсуде. Мәселен, соңғы үш жылда «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке және шаруа қожалықтардың өз қаражаты есебінен 134 дана әр түрлі ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Міне, осылайша жылда техникаларды жаңартып отырсақ, бір-екі жылда ауыл шаруашылығы техникалары жаңарып шыға келетіні сөзсіз.

Мал шаруашылығы

Мемлекеттік Сыбаға, Құлан, Алтын асық бағдарламалары бойынша мал шаруашылығын дамытуға жыл сайын қомақты қаржы бөлінуде. Шаруалар мал басын арттыруда ұсынған бағдарламаларды тиімді пайдалануға барынша атсалысуда. Соның нәтижесінде төрт түлік мал басы былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда МІҚ – 6,2 пайызға, жылқы – 23,8 пайызға, түйе – 14,4 пайызға, үй құстары – 9,1 пайызға, қой -5,6 пайызға, ешкі – 16,5 пайызға артты.

Мал шаруашылығы өнімдері есепті мерзімде ет өндіру 1,2 пайызға, сүт өндіру 1,0 пайызға, жұмыртқа 5,2 пайызға артты.

«Сыбаға» бағдарламасымен 2011-2016 жылдары аралығында аудан бойынша қаржы институттары арқылы 47 шаруа қожалығы 276,5 млн теңге несие алып, барлығы 3402 бас жергілікті аналық пен 114 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынды.

«Құлан» бағдарламасы бойынша ауданға 84 бас бие мен 6 бас асыл тұқымды айғыр сатып алынды.

Жыл басынан бері асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында, мал шаруашылығы өнімділігі мен сапасын арттыруға аудан бойынша мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруашылықтар 148,0 млн теңге субсидия алды.

Алдағы уақытта ауданда мал шаруашылығын дамытуға асыл тұқымды шаруашылықтар-репродукторларды құру, ет бағытындағы МІҚ малын бордақылау шаруашылығын ашу міндеттері тұр.

Ауданда аграрлық саланы әртараптандыру, жаңа технологияларды қолданысқа енгізу, өңдеуші, ұқсатушы кәсіпорындарды іске қосу жөнінде бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, соның бірі 2016 жылдың
1 қаңтарынан күшіне енген Қазақстан Республикасының «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңын басшылыққа ала отырып ауданда ұсақ тауарлы өндірісті біріктіру арқылы 25 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері құрылды.

Ветеринария саласы

Мал шаруашылығын дамытуда Эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жұқпалы аурулардан адамдар мен ауылшаруашылығы малдарын қорғау бүгінгі күні маңызды мәселенің бірі.

2016 жылы эпизотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және энзоотияға қарсы іс-шараларды жүргізу үшін 15 түрлі аса қауіпті ауруларға қарсы іс-шараларды атқаруға 63,3 млн теңге бөлініп, жоспарға сәйкес атқарылды. Жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде жануарлардың энзоотиялық аурулары тіркелмеді. Сарып ауруы азайды.

Сонымен қатар құтыру және паразитарлық аурулардың алдын алу мақсатында жергілікті бюджеттен қаралған 2,5 млн теңге қаржыға 1562 бас қаңғыбас иттер мен мысықтар ауланып, жойылды.

2016 жылы аудан бойынша 7 (Ақсу, Бұқарбай батыр, Жанаталап, Енбек, Мақпалкөл, М.Шәменов, Қаракеткен, Далдабай) елді мекендерінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы індетіне қарсы залалсыздандыру жұмыстары орындалды.

Мал шаруашылығы өнімділігін арттыру мақсатында 1894 бас мүйізді ірі қара малы қолдан ұрықтандырылды, 2015 жылмен салыстырғанда 1232 басқа артты.

Алдағы жоспарда:

- аудан бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан қолайсыз 10 елді мекендерде залалсындандыру жұмыстарын атқару. (Енбек, Бұқарбай батыр, Мақпалкөл, Жанаталап, Ақсу, Қаракеткен, Аққум, Жанадария, Аламесек, Таң);

- эпизотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және энзоотияға қарсы іс-шараларды уақытылы жүргізу;

- тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты бақылау жүргізу.

Жер қатынастары мәселесі

Елбасының «100 нақты қадам Ұлт жоспарының» 35, 36 қадамдарында жер мәселесіне байланысты нақты бағыттар айқындалып көрсетілген. Жер біздің басты байлығымыз. Оны күтіп-баптап, тиімді пайдалану әрбір азаматтың міндеті.

Ауыл шаруашылығымен айналысатын тұлғаларға барынша қолдау көрсетіп, қажетті жер учаскелерімен қамтамасыз ету, оның тиімді пайдаланылуы басты назарымызда.

Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатында 2016 жылы жалпы көлемі 7235 гектар жер учаскелері сауда-саттық арқылы жалға берілді.

Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерінің мемлекет қорына қайтарылып алынуы бағытында жұмыстар атқарылды.

2016 жылы пайдаланылмай бос жатқан жалпы көлемі 442 гектар жер жалға беру шарттарын біржақты бұзу арқылы мемлекетке қайтарылды.

Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы тарапынан 2016 жылы 27 шаруашылық субьектілеріне жүргізілген тексерулермен 7 шаруашылыққа әкімшілік шаралар көріліп, ескертулер берілді.

Сонымен қатар, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге Салық кодексінде белгіленген жер салығының мөлшерлемесі бес есеге жоғарылады.

Өздеріңізге белгілі, аудан көлеміндегі инженерлік тұрғыда әзірленген егістік жерлердегі суландыру, тоспа-кәріз жүйелерінің әбден тозығы жеткен. Көп жылдан бері тазарту, жөндеу жұмыстары жүргізілмегендігі себепті егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын уақытылы сумен қамтамасыз ету, ескірген суды уақытылы шығару үлкен проблемаға айналып отыр. Бұл өз кезегінде егілген егіс дақылдарынан мол өнім алуға кері әсерін тигізуде. Барлығы дерлік қайта реконструкция жасауды талап етеді.

Осының негізінде 2011 жылдан бастап «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» (ИДЖЖ) жобалары қолға алынуда.

Бұл жобаның негізгі мақсаты инженерлік тұрғыда әзірленген егістік жерлердегі ирригация және дренаж жүйелерін, су құрылыстарын республикалық меншікке алып, республикалық бюджет есебінен уақытылы тазалап, жөндеп отыру.

Бұл жоба аясында Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәдениет ауылдық округтерінде орналасқан инженерлік тұрғыда әзірленген 15123 гектар суармалы жерлер республикалық меншікке берілді.

Сонымен қатар Азия даму банкісі арқылы қайта жаңғырту жұмыстарын атқару үшін 4221 гектар жердің тиісті құжаттары рәсімделуде.

2014 жылдан бастап жалпы құны 3,7 млрд теңгені құрайтын «Қызылорда сол жаға магистралды каналының гидротехникалық құрылыстарын қайта жаңғырту» жобасы іске асырылуда. Бұл жобаға кезең-кезеңімен қаржылар қаралып келеді. Биылғы жылы бұл мақсатқа 296 млн теңге қаржы бөлінді. Жоба бойынша жұмыстар толық аяқталғаннан кейін сол жаға магистралды каналы бойындағы орналастырылған егістіктерді қажетті сумен қамтамасыз етуге қол жеткізеді.

Шағын және орта кәсіпкерлік саласы

Шағын кәсіпкерлік – ұлттық экономиканы дамытудың маңызды шарты. Ауданда 2268 шағын кәсіпкерлік субьектілері тіркелген. Бұл шағын кәсіпкерлік субъектілерінде 7992 адам жұмыс істейді. Есепті мерзіммен салыстырғанда тіркелген кәсіпкерлер саны 305-ке артып, ал жұмыс істейтін адамдар саны 418 адамға өскен. Өндірілген өнім 1 млрд 60 млн. теңге, есепті мерзіммен салыстырғанда 6,7 пайызға артқан. Бюджетке түскен түсім 183,8 млн. теңге, өткен жылмен салыстырғанда 6,1 пайызға артты.

Орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекет ұсынған бағдарламалар бойынша барынша қолдаулар көрсетілуде.

2015 жылы облыс әкімінің қолдауымен «Жалағаш ауданының экономика салаларын дамытудың 2015-2017 жылдарға арналған Жол картасы» бекітілді.

Жалпы жол карта бойынша 3 млрд 709,7 млн теңгенің 32 жобасын іске асыру жоспарланып, 603 жұмыс орын ашу көзделген.

Бекітілген Жол картаға сәйкес жеке қаражат есебінен іске асырылуға тиісті 20 жобаның бүгінгі таңда 13 жобасы аяқталып, 794,0 млн. теңгенің жұмыстары атқарылды, 172 жұмыс орындары ашылды. Орындалу үстіндегі 6 жоба 2017 жылы жүзеге асырылады.

2016 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы құны 224,5 млн. теңгені құрайтын 14 жоба қаржыландырылды.

Қызыл мия тамырын өңдеу зауыты 2014 жылы іске қосылған. Үлескерлер арасында туындаған келіспеушілікке байланысты уақытша тоқтап тұрған. Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен шешімін тауып, зауыт іске қосылды. Бүгінгі күнге зауытта жергілікті тұрғындар есебінен 50 адам жұмыс жасайды.

Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек жеке қаражат есебінен аудан бойынша есепті мерзімге жалпы құны 148,0 млн.теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, 68 жаңа жұмыс орны ашылды.

Білім беру саласы

Ауданда болашақтың тірегі жастардың білім саласында толыққанды білім алуына жағдай жасалып отыр. Жалпы, білім беру сапасы жылдан-жылға жоғарылап келеді. ҰБТ қорытындысымен ауданымыз екі жыл қатарынан облыс бойынша бірінші орынды иеленуі осыған дәлел. 2016 жылы аудан бойынша 243 мектеп бітіруші түлек тестілеуге қатысып, орташа көрсеткіш 89,8 балды құрады. 10 мектеп бітіруші түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Мектеп бітірушілердің 158-і жоғары оқу орындарының мемлекеттік грантын иеленді. Оның ішінде жүзге жуығы «Серпін» бағдарламасының грант иелері.

Облыс әкімінің қолдауымен өндіріске қажетті мамандықтарға 8 оқушы Қызылорда қаласындағы және Ресей мемлекетіндегі оқу орындарына 5 оқушы оқуға түсті.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында Аққұм елді мекеніндегі балабақша мен Еңбек ауылындағы орта мектепке бөлінген 131,0 млн теңге қаржыға ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 50 адам жұмыспен қамтылды.

Мектептерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұл мақсатқа 14,0 млн.теңге жұмсалды.

Оқушыларға оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға 30,2 млн.теңге бөлініп, оқулықтармен толық қамтамасыз етілді.

Білім саласында жұмыс атқаратын 1142 мұғалімнің 925-не санаттар белгіленген. 2017 жылға үш тілде білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға дайындық жасау мақсатында ағылшын тілінен біліктілік арттыру курстары өткізу жоспарланып, бұл мақсатта республикалық бюджеттен 5 млн теңге бөлініп отыр.

Аудан бойынша 37 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жұмыс жасайды. Олардың 10-ы мемлекеттік (791 бала), 13-і жеке балабақшалар (864 бала) және 14-і мектептер жанындағы шағын орталықтар (355 бала). Барлық мектепке дейінгі ұйымдарда қамтылған бала саны 2010. Өткен жылы кентте 50 орындық жеке балабақша жаңадан ашылды. 2016 жылы алға қойған 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту көрсеткіші 100 пайызға толық орындалды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы резервінен бөлінген қаржыға кентте орналасқан №19 санаториялық балабақша ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Тіректі елді мекендерді дамыту мақсатында биылғы жылы облыстық бюджет есебінен Мәдениет елді мекенінде 90 орындық балабақша құрылысын бастауға 50,0 млн.теңге қаржы қаралды.

Биылғы жылы Аламесек ауылдық округіндегі №124 орта мектептің жылу қазандығын күрделі жөндеуге аудан бюджетінен 12,3 млн. теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар Аққыр елді мекеніндегі №188, Мақпалкөл елді мекеніндегі №117 орта мектептерге және кенттегі №201 мектеп-лицей ғимараттарын күрделі жөндеуге жоба-сметалық құжаттар әзірлеуге 8,2 млн. теңге осы жылға жоспарланды.

2017 жылға аудан орталығында орналасқан мектептер мен бала-бақшаларға оқушылар арасындағы тәртіпсіздіктің алдын-алу мақсатында бейнекамералар орнатуға аудан бюджетінен 9,5 млн. теңге қаржы бағытталды.

Облыс әкімінің қолдауымен 2017 жылға арналған аудан бюджетінде білім саласына жаңа бастамалар енгізілді. Атап айтқанда: мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасауға психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашуға, психологиялық дамуы тежелген балаларға инклюзивті оқуды ұйымдастыруға, методикалық кабинетке қосымша штаттар алуға аудан бюджетінен 22,6 млн теңге қаржы қаралып отыр. Осымен қоса, инновациялық мектептерге жаңа технологияларды ендіру үшін робот техникасына арналған арнайы кабинеттер ашуға, жаңа модификациялы физика кабинеттерімен жарақтандыруға облыстық бюджеттен 29 млн. теңге қаржы қаралды. Мектептердегі компьютерлер мен оқушы парталарын жаңартуға облыстық бюджеттен 15 млн. теңге қаржы бағытталды.

Денсаулық сақтау саласы

Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі. Бүгінгі күні ауруды емдеу емес, оның алдын алу мәселесі алға қойылған.

Ауданның демографиялық көрсеткіші 712

бала дүниеге келіп, туу көрсеткіші 1000 балаға шаққанда 20,8 промильді құрады. есепті кезеңге 66 балаға азайып отыр. Сәбилер шетінеуі 2015 жылмен салыстырғанда 8,9-дан 5,6 промильге төмендеген. Есепті кезеңге 3 балаға азайған. Туберкулез ауруымен 2016 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 81,5 промильге төмендеген.

Аудан бойынша амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық аурухана құрамында 190 төсектік орталық аурухана, 10 төсек орындық 4 ауылдық аурухана, аусымына 250 адамды қабылдайтын типтік емхана, жедел жәрдем станциясы, 12 дәрігерлік-амбулатория, 2 фельдшерлік акушерлік пункт, 5 медициналық пункт халыққа қызмет көрсетіп келеді. Аталған емдеу мекемелерінде 80 дәрігер және 433 орта буын медицина қызметкері жұмыс жасайды. Саланың дәрігерлермен қамтылуы 85 пайызды құрайды.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Еңбек ауылдық округінде облыстық бюджет есебінен 98,0 млн теңгені құрайтын ауылдық емхана ғимараты ауыл жұртшылығының игілігіне пайдалануға берілсе, биылғы жылы Мырзабай ахун елді мекеніне дәрігерлік амбулатория құрылысын салуға жоба сметалық құжаттар әзірленеді.

 

 

Әлеуметтік сала

Аудан бойынша жалпы халық саны 36787. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны 17520 (оның ішінде жұмыссыздар - 931).

Жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызды құрады, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,1 пайызға төмендеген. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,6 пайыз.

2016 жылдың 12 айында аудан бойынша 753 жаңа жұмыс орны ашылды, жылдық жоспар 110,7 пайызға орындалды. Оның ішінде 680-і тұрақты жұмыс орны.

Өткен жылы аз қамтамасыз етілген 3674 отбасыларға барлығы 105,4 млн теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер есептеліп төленді.

Өткен жылдың наурыз айынан бастап аудан орталығындағы "Ақниет" сауда үйінен әлеуметтік сөре қатары ашылып, аудандағы 165 аз қамтылған отбасыларына 5 түрлі әлеуметтік маңызды тамақ өнімдері және азық-түлік тауарларының бағасын демеушілер есебінен 30 пайыз жеңілдікпен сату ұйымдастырылды.

"Жұмыспен қамту 2020 жол картасы" бағдарламасы аясында 2016 жылы бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 17 жоба жүзеге асырылып, 141 адам жұмыспен қамтылды.

            Бағдарламаның екінші бағыты бойынша барлығы 85 жобаны қаржыландыруға 304,7 млн.теңге қаржы бөлінген. Жыл ішінде 130 адамға 304,7 млн.теңге несие таратылды. Олардың барлығы кірістер басқармасына жеке кәсіпкер ретінде тіркелді.

Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 53-64 жас аралығындағы жұмыссыздарды (5 жеке тұлғаны) тігінші, дәнекерлеуші мамандығы бойынша қайта даярлауға 951 мың теңге қаржы жұмсалды.

Әлеуметтік жұмыс орны бойынша 18 жұмыс берушіге 42 адам уақытша жұмысқа жіберіліп, олардан 37 адам, жастар тәжірибесіне 56 жұмыс берушіге 82 жас маман жіберіліп, одан 16 жас тұрақты жұмысқа орналасты.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жүргізілген жұмыстар

2016 жылы аудан бойынша мүгедектердің орталықтандырылған дерек қорына 1085 мүмкіндігі шектеулі тұлғалар тіркелген.

Олардың ішінде 771 тұлғаға жеке оңалту бағдарламасы даярланып, толығымен орындалды.(71 азамат санаторлы-курортта емделу үшін жолдамамен, 39-ы ортопедиялық аяқ киіммен, 11-і балдақпен, 58-і таяқпен, 11-і жетек арбамен, 44 кресло-қораппен, 10- сурдотехникалық, 26- тифлотехникалық құралдармен, 177-і міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілді)

"Сыр шарапаты" қоғамдық бірлестігі арқылы естімейтіндігі бойынша 7 тұлғаға 2 ымдау тілі маманы, жүріп-тұруы қиын І топтағы 71 тұлғаға 62 жеке көмекші қызмет көрсетті. Бұл мақсатқа 17 млн. теңге қаржы жұмсалды.

Аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігі арқылы 1 және 2-топтағы 49 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік такси қызметі ұйымдастырылды. Бұл мақсатқа 4,1 млн. теңге қаржы жұмсалды.

57 мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыссыз ретінде тіркеліп, олардың 40-ы нақты жұмысқа орналастырылды.

Өткен жылы үйде тәрбиеленетін және оқытылатын мүмкіндігі шектеулі балалары бар 57 отбасына 1,8 млн. теңге материалдық көмек есептеліп, төленді.

Облыстық мүгедектерді оңалту орталығына 63 адам жолдамамен жіберілді (37-і мүгедек, 26-ы зейнеткер).

101 мүмкіндігі шектеулі адамдарға, оның ішінде 18 жасқа дейінгі 74 балаға үйден әлеуметтік қызмет көрсетілді.

              Психоневрологиялық патологиясы бар 11 мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жартылай стационарлық жағдайда сауықтыру және тәрбиелеу қызметімен қамтылды.

Мәдениет саласы

Мәдениет саласының негізгі қызметі – мәдениет саласында сапалы және қолжетiмдi қызметтер көрсетуге, ел бiрлiгiнiң нығаюына бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады.

Осы бағытта ауданда Қазақстан Республикасында ұлттық, мемлекеттік, кәсіптік және өзге де мерекелер ұйымдастырылды. Өткізілген мерекелік іс-шаралар - қалың жұртшылықты тарту, оларды рухани-мәдени топтастыру, еліміздегі жетістіктер мен адамгершілік, имандылық құндылықтарды насихаттауға бағытталды.

Елді мекендердегі кітапханаларды компьютермен қамтамасыз ету мақсатында аудан бюджетінен 1,4 млн. теңге бөлініп, ақпараттық технологияларды пайдалануға 100 пайызға қол жеткізілді.

            Аудан бойынша тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін өткен жылы күтіп ұстау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.

Атап айтқанда, жергілікті маңызы бар Домалақ асар, Үңгірлі асар қалашықтарын ЮНЕСКО тізіміне енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл ескерткіштердің қорғау аймақтарына құрылыс салуды реттеу мен ландшафты аймақтарының шекараларын белгілеу мақсатында облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді деп жоспарлануда.

            Сонымен қатар, Аққұм ауылына Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері Алдаберген Бисеновтің бюсті орнатылса, биылғы жылы Ақарық ауылына Есет батырдың бюстін орнату бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.

Таң ауылында орналасқан алдын ала тізімге алынған Әбжали ишан мешітіне «Таң ЛТД» ЖШС-нің демеушілігімен 11 млн. теңгеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Биылғы жылы аудан бюджетінен аудандық мәдениет Үйінің ғимаратын күрделі жөндеуге 18,7 млн. теңге және материалдық-техникалық базасын нығайтуға 22,3 млн теңге қаржы бөлінді.

1980 жылы салынған аудандық кітапхана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоба сметалық құжаттарын әзірлеуге 2,7 млн. теңге бөлінді.

Биылғы жылы Мәдениет тіректі елді мекенінде типтік жүйедегі 150 орындық ауылдық клуб құрылысын бастауға облыстық бюджеттен 50 млн. теңге бөлінді.

Спорт саласы бойынша

Бүгінгі таңда ауданның 9606 тұрғыны бұқаралық спортпен тұрақты айналысып, бұл тұрғындардың 26,1 пайызын құрайды.

Өткен жылы спорт зал мәселесін шешу мақсатында спорт саласының мекемелері ғимаратпен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде спорт түрлерінің секциялары көбейді.

2016 жылы аудандық бюджеттен 5,5 млн теңге бөлініп, орталық стадионға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2017 жылы ХХХІ-ші облыстық ауыл спортшыларының «Алтын күз-2017» спартакиадасы ауданымызда өтеді. Қазіргі таңда спорт түрлері бойынша өтетін жарыстардың орындары белгіленіп, спартакиаданың іс-шара жоспарының жобасы дайындалды. Облыстық «Алтын күз-2017» спартакиадасының ауданымызда өтуіне байланысты 2017 жылға арналған аудан бюджетінде спорт саласының базалық қаржысына қосымша қаржылар бөлінді. Спорттық жарыстарды құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге аудан бюджетінен 12 млн. теңге, спорттық шараларға 15,1 млн. теңге қаржы бөлінді.

Сонымен қатар биылғы жылы спорт саласын дамытуға облыстық бюджет есебінен Мәдениет елді мекенінде спорт кешенінің құрылысын бастауға 50,0 млн.теңге қаржы қаралды.

Ұлттық және бұқаралық спортты дамытуға аудан бюджетінен 23,2 млн. теңге қаржы бөлініп отыр.

Спорт саласы өткен жылдың қорытындысымен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі облыстық байқауда ІІ орынды иеленді.

 

Мемлекеттік жастар саясаты

 

Жалағаш ауданында 14 пен 29 жас аралығында 9819 жас тіркелген. Бұл көрсеткіш жалпы халық санының 28 пайызын құрайды. Оның ішінде аудандағы жастар саны 8675 болса, сырттағы жастар саны 888 болып отыр. Жалпы аудан бойынша есепті мерзімде еш жерде жұмыс жасамайтын, оқымайтын жастар саны 256 құрап отыр. Бұл жастармен әлеуметтік қызметтер аясында адрестік жұмыстар жүргізілуде.

Ағымдағы жылы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға бағытталған 1 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Осы мақсатқа аудандық бюджеттен 2,3 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үстіміздегі жылы әртүрлі бағыттағы 48 шара ұйымдастырылды. Аталған шараларға 10000-нан астам жастар қатысты.

Қазіргі таңда аудан бойынша 2 жастар қоғамдық бірлестігі, білім беру мекемелері жанынан 42 жастар ұйымы (Әскери патриоттық клубтар, Жас мамандар мектебі) белсенді жұмыс атқарады. Жалағаш индустриалды-аграрлық колледж жанынан жастар ісі жөніндегі комитет жұмыс жасайды.

2016 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында
118 жас маманға тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие берілді, 10 азаматқа әлеуметтік көтерме жәрдемақы төленді.

Облыс әкімінің қолдауымен 2017 жылдың қаңтар айынан бастап ауданда "Жастар ресурстық орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Бұл орталықтың негізгі мақсаты -мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастармен жұмысты жандандыру.

 

Үкіметтік емес ұйымдармен атқарылған жұмыстар

            Жалағаш ауданы бойынша бүгінгі таңда әділет органдарында тіркелген 23 үкіметтік емес ұйым бар. Олардың 11-і қоғамдық қор болса, қалған 12-і қоғамдық бірлестіктер. Оның ішінде 2-уі жастар ұйымдары ("Темірқазық" жастар қоғамдық бірлестігі, "Айбын KZ" қоғамдық бірлестігі).

Ауданда қоғамдық бірлестіктердің 6-ы қазіргі таңда белсенді жұмыс жасауда. Осы орайда ауданда үкіметтік емес ұйымдармен атқарылған жұмыстардың нәтижесін көре отырып, түрлі бағыттағы шараларды іске асыру үшін биылғы жылы жаңадан тағы да 2 үкіметтік емес ұйым құрылып, жұмыс жасауда. 2015 жылы бұл бағытқа 4 млн. теңге бөлінсе, 2016 жылы 8 млн. теңгеге жуық қаржы қаралып, әлеуметтік жобалар бойынша жұмыстар атқарылды.

Инфрақұрылым

Тұрғын үй

            Жалағаш ауданы халқының өсу тенденциясына сай тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылымның дамуын айқындайтын қала құрылысы құжаты – бас жоспар.

            Жалағаш кентінде бас жоспар бойынша жалпы аумағы - 451,0 га, 5 жаңа қоныстану аймақтары айқындалды.

            Оның ішінде «Дәуімбай» учаскесінде 60 га жаңа қоныстану аймағын инженерлік инфрақұрылымдармен қамтамасыз етіліп, тұрғын үй салу үшін кезекте тұрған 315 азаматтарға жер телімі табысталды.

Сондай-ақ 2016 жылы «Береке» учаскесіне республикалық бюджеттен инженерлік-инфрақұрылым жүргізуге 378,6 млн теңге қаралып, тиісті жұмыстар толығымен орындалып, жалпы аумағы 43 гектарға кезекте тұрған 125 азаматқа тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімі табысталатын болады.

Жалағаш кентінің бас жоспарына сәйкес кенттің сәулеттік келбетін жақсарту, қала құрылыстық регламенттердің белгіленуін қамтамасыз ету, абаттандыру және көгалдандыру шараларын жүргізу мақсатында Ақтерек учаскесінен - 170,0 гектар жерге егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын (ПДП) әзірлеуге аудан бюджетінен – 16 млн теңге бөлінді.

Бұл аймақтан болашақта тұрғын үй салу үшін кезекте тұрған 800-дей азаматқа жер телімі табысталатын болады.

ҚР Жер кодексіне сәйкес құрылысқа арналған жер учаскесi оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жыл мерзімге жалға беріледі.

Жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін кезектілікте тұрған азаматтар саны 2017 жылдың 1 қаңтарына – 1631 құрап отыр.

Жеке сектор есебінен 2016 жылы 87 тұрғын үй, жалпы алаңы 10392 шаршы метр пайдалануға берілді, былтырғы жылмен салыстырғанда 7,0 пайызға артқан.

Автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету

Жалағаш ауданы аумағынан республикалық маңыздағы
91 шақырым, облыстық маңыздағы 32 шақырым, жергілікті маңыздағы 111,7 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары өтеді.

            Жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының 81,2 шақырымы (72,6 %) қанағаттанарлық жағдайда болатын болса, 30,6 шақырымы (27,4 %) қанағаттанарлықсыз жағдайда болып отыр.

            2016 жылы Мәдениет ауылынан бастап Жаңаталап ауылына дейінгі 12,5 шақырым автомобиль жолына облыстық бюджет есебінен 146,6 млн. теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

            Биылғы жылға аудандық маңыздағы Еңбек ауылы бағытындағы автомобиль жолын орташа жөндеуден өткізу үшін жоба сметалық құжаттама әзірлеуге аудан бюджетінен 1811,0 мың теңге бөлінді.

            Сонымен қатар, Аққыр бағытындағы “Оңтүстік коллектор” көпірін қайта жаңғырту жұмыстарына жоба сметалық құжаттама әзірлеуге облыстық бюджеттен 8,2 млн. теңге қаралды.

            Ішкі көшелер бойынша

            Аудан елді мекендерінде жалпы ұзындығы 206,5 шақырымды құрайтын 202 көше бар.

            Олардың, 92,4 шақырымы (44,7 %) асфальт жабындысы, 32,83 шақырымы (16 %) тас төселген болса, 81,28 шақырымы (39,3 %) қара жол болып отыр. Жоғарыда аталған 202 көшенің жалпы ұзындығының 44,7 пайызы жақсы жағдайда, 16 пайызы қанағаттанарлық жағдайда болса, 39,3 пайызы қанағаттанарлықсыз, яғни нашар жағдайда.

            2016 жылы облыстық бюджеттен қаралған 66,1 млн. теңгеге Жалағаш кентіндегі Н.Алмағанбетов көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

            Сонымен қатар аудан бюджетінен қаралған 25,4 млн. теңгеге жалпы ұзындығы 3,5 шақырым құрайтын Жалағаш кентінің 6 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар биылғы жылы жалғасын табуда. Кенттің үш көшесін ағымдағы жөндеуге 34,5 млн. теңге бағытталды.

            «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында өткен жылы республикалық бюджеттен бөлінген 107,0 млн теңгеге 11 елді мекеннің 15,4 шақырым құрайтын көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

            Облыс әкімінің қолдауымен бекітілген «Жалағаш ауданының 2015-2017 жылдарға арналған Жол картасы» іс-шара жоспарына сәйкес биылғы жылы облыстық бюджеттен 229,8 млн. теңгеге кенттегі А.Ізтілеуова көшесін орташа жөндеу және Төле би көшесін күрделі жөндеу жұмыстарына бөлініп отыр.

            Одан басқа, Жалағаш кентіндегі 9 көшеге (І.Қабылов, С.Қалыбаев, С.Отарбаев, Нысанбай жырау, Н.Мырзалиев, Әйтеке би, Ы.Алтынсарин, Бұқарбай батыр, Т.Жүргенов көшелері), Еңбек ауылындағы 3 көшеге (Абай, Бәйділдаев, Дәуітбаев) орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттар әзірлеуге аудан бюджетінен 14,6 млн. теңге бөлінді.

            Абаттандыру жұмыстары.

            Өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша кент, ауылдық округтерде елді мекендерді абаттандыру, көркейту, көгалдандыру, жарықтандыру жұмыстарына барлығы 58,4 млн. теңге жұмсалды. Сонымен қатар Аққұм елді мекенін көгалдандыру бағытында аяқ сумен қамтамасыз ету үшін үшін облыстық бюджеттен бөлінген 11,0 млн теңгеге Аққұм каналы қайта қазылды.

Алдағы уақытта Бұқарбай батыр ауылындағы «Алпамыс» каналы қайта қазылады. Ол жұмысқа облыстық бюджеттен 9,7 млн теңге қаржы қаралды.

Ауылдық округ әкімі аппараттарын ғимараттармен қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы Мырзабай ахун ауылдық округі әкімі аппараты ғимаратын салуға аудан бюджетінен 22,1 млн. теңге қаржы бөлінді.

Халықты таза сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету - бүгінгі таңдағы басты назарда тұрған міндеттердің бірі.

Елді мекендердегі ауыз сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту бағдарламасы бойынша қазіргі таңда кент және 9 елді мекенде ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген.

Биылғы жылы Қаракеткен, Шәменов, Мырзабай ахун елді мекендерінің ауыз су жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджет есебінен 469,1 млн. теңге бөлінді. (Қаракеткен 195,9 млн, Шаменов106,4, Мырзабай ахун 166,7 млн тенге)

Сонымен қатар жергілікті бюджеттен қаралған 26,0 млн теңге қаржы есебінен Аққыр, Жаңадария, Мақпалкөл елді мекендерінің ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді.

Елді мекендердегі электр желілерін дамыту бойынша

            2016 жылы жоспарға сәйкес 25,0 млн. теңгеге күрделі жөндеу, 3,0 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды.

            Бұдан бөлек, аудан бюджетінен бөлінген 4,0 млн. теңгеге Жалағаш кентінде 3 дана қосалқы трансформаторлық станциялар алынып, орнатылды.

           

 

Қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік туралы

Аудан көлеміндегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын-алу бағытында Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасында құқық қорғау органдарына ұсақ, майда құқық бұзушылыққа төзімділік танытпау, яғни мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстану бағытында біршама жұмыстар атқарылды.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген ішкі істер саласының құрылымдарына өзгерістер енгізіліп, 2015 жылы жергілікті полиция қызметі құрылып, өз жұмысын бастады.

Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен аудан көлемінде қоғамдық тәртіпті нығайтуда, қылмысқа қарсы күресте, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауда атқарылған профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде аудан көлемінде тіркелген қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 347-ден 269-ға, яғни 22,5 пайызға төмендеген.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ауданда орын алған қылмыстардың - 13,5 пайызы яғни, 171-ден 148-ге бөтен мүлік ұрлық қылмыстары төмендегенімен, басым бөлігі мал ұрлығы болып отыр.

Талдау барысында мал ұрлығының 55 дерегі жыл басынан орын алса, оның 43-і өрістен жоғалған.

Облыс әкімінің 2016 жылғы 5 мамырдағы №282-ө өкімімен бекітілген мал ұрлығына қарсы іс-қимылының жол картасын іске асыру жөнінде іс-шаралар жоспарына байланысты Жалағаш ауданы аумағында мал ұрлығына қарсы іс-қимылы жөнінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы, аудандық прокуратура, аудандық ішкі істер бөлімі және аудандық ветеринария бөлімімен бірлескен халық арасында семинар-кеңес түрінде кент және ауылдық округтердің тұрғындарымен, шаруа қожалық иелерімен кездесулер өткізіліп, заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ішкі істер бөлімі және аудандық ветеринария бөлімімен бірлескен мал ұрлығына сәйкес жыл бойы рейдтер ұйымдастырылды.

Көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі аудандық ішкі істер бөліміне жаңадан типтік жобадағы ғимарат құрылысын салу болатын. Биылғы жылы аймақ басшысының қолдауымен облыстық бюджет есебінен ішкі істер бөлімі ғимаратының құрылысын салуға 600,0 млн. теңге жоспарланды. Жоба құны 929 млн. теңге.

Сонымен қатар биылғы жылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында осал обьектілерді нығайтуға аудан бюджетінен 13,5 млн. теңге қаржы бөлінді.

Құрметті ауыл тұрғындары !

Бүгін өздеріңізбен кездесіп, 2016 жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, қысқаша айтып өттім. Ендігі кезекте алдымызда үстіміздегі жылы да ауқымды жұмыстар мен сындарлы сәттер күтіп тұр.

Жаңа 2017 жылда да елімізде маңызды халықаралық дәрежедегі шаралар өткізіледі. Олардың қатарында қаңтар айында Алматы қаласында басталатын Дүниежүзілік Қысқы Универсиада, маусым айынан бастап Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме сынды ауқымды шаралар бар. Бұның барлығы Қазақстанның халықаралық аренада өзіндік орны бар мемлекет екендігінің дәлелі.

Қадірлі қауым, «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген дана халқымыздың қанатты сөзі бар. Елде тыныштық пен бірлік болса, алдағы уакқытта да аудан экономикасының қарқынды дамуына құтты қадамдар жасалып, Сіздердің қолдауларыңызбен жүзеге асыратын боламыз. Ең бастысы елдің тыныштығы мен береке-бірлігі.

Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы біздің ұлттық идеологиямыздың негізгі өзегі. Біздің ұлттық құндылықтарымыздың қайнар көзі елде, ең бастысы еліміз аман болсын.

Елбасымыз айтқандай бірлік – біздің қасиетті туымыз. Қай заманда да бұл ұғым маңызын жоймайды. «Мәңгілік Ел» болудағы тірлігіміз де осы ынтымақ пен бірлікке байланысты болмақ.

Сондықтан Сіздерді Елбасының жарқын болашақты, кемел келешекті көздеген мұраттарын алға апару жолында бірлесе отырып еңбек етуге шақырамын.

 

Назарларыңызға рахмет !

Кіру