Русский Қазақша

ЖАЛАҒАШ АУДАНЫ

Әкімдігінің ресми интернет - ресурсы

ІЗДЕУ
Аудан
Билік
Құқық
Экономика
Бизнес
Инфрақұрылым
Қоғам
Мем. қызметтер
Байланыс
Әкім блогы
Анықтама
Сайт картасы Аудан әкімі аппараты
Билік
Құқық
Экономика

БЖЗҚ

Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік

 

2017 жылғы 12 желтоқсанда барлық БЖЗҚ филиалдарында биыл төртінші рет Ашық есік күні өтеді. Бұл жолы салымшылар үшін өзекті әрі маңызды мәселе зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттің беретін кепілдігі туралы тақырып төңірегінде өрбімек.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларды зейнетақы жүйесіне байланысты барлық мәселе бойынша хабардар ете отырып, жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде.

Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында еліміздезейнетақы жүйесін реттеудің заңнамалық базасы қалыптастып, азаматтардың зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік енгізілгені көрсетілген. Тұжырымдамалық ережеге сәйкес жарналар жинақталып, қаржы құралдарына инвестиция түрінде құйылып, кіріс инвестициялық қызметтің нәтижелері мен қаржы нарықтарының жай-күйіне байланысты қалыптасатын болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Зейнетақы жинақтары есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдары тізбесіне енгізілген қаржы құралдарына зейнетақы активтерін орналастыруды жүзеге асырады.

Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдіктің бірегейүлгісі қолданысқа енген. «Бұл үлгіге сәйкес «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 5-бабы негізінде төлемдерді алу құқығы басталған кезде әрбір алушыға инфляция деңгейі ескеріле отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) сомасы және жеке зейнетақы шотындағы олардың зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырма сомасы жеке есептеледі. Осылайша, 5-бапзейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдікті көздейді»-деп «БЖЗҚ» АҚ Қызылорда облыстық филиалында атап өтіледі.

БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары қалай жиналып, түрлі қаржы құралдарына қалай инвестицияланады, кімнің мемлекеттік кепілдік бойынша төлем алуға құқығы бар, сондай-ақ,төлем алу бойынша қайда хабарласу керектігін мамандар 12 желтоқсанда өтетін тұсаукесерде жан-жақты түсіндіріп беретін болады. Сондай-ақ, БЖЗҚ салымшылары мен алушыларының тұсаукесерден кейін бірден өздерін қызықтыратын барлық сауалдарға толық әрі жан-жақты жауап және жеке консультация алуларына мүмкіндіктері бар.

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz



2018 жылы күшіне енетін зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер туралы


Зейнетақы жүйесі – әлеуметтік тақырып. Ол халықтың барлық әлеуметтік топтарын қамтиды. Сондықтан зейнетақы заңнамасындағы өзгерістердің мән-мағынасын Қазақстан Республикасының әрбір азаматына жеткізу өте маңызды.

2018 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ұлғайту және базалық зейнетақыны есептеуге қатысты өзгерістер күшіне енеді. Бұл ретте базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі, сондай-ақ зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі ескерілетін болады. Бұдан басқа, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібі мен оларды алу кестесі де өзгеріске ұшырайды.  

2014 жылы Елбасының Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына (бұдан әрі - Тұжырымдама) сәйкес зейнеткерлік жасқа толуға және I, II топтардағы мүгедектік мерзімсіз болып белгіленуіне байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу барысында зейнетақы жинақтарының бүкіл сомасын біржола алуды жою жоспарланған болатын. Бұл ретте жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, бұл сома алушыға БЖЗҚ-дан бір рет толығымен төленеді. Ал егер алушы зейнетақы төлемдерін алу үшін зейнетақы Қорына жүгінген күні оның зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен асатын болса, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана жүзеге асырылатын болады. 

Айта кету керек, Тұжырымдаманың бұл нормалары зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңның ережелеріне 2015 жылы енгізілген болатын. Ал 2017 жылдың қыркүйегінде 2018 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енетін Ережелерге тиісті өзгерістер енгізілді.

Осылайша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана жүзеге асырылатын болады.   

Егер Қорға жүгінген күні зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған болса, оларды толығымен алуға мүмкіндік бар екендігін тағы да еске саламыз. 2018 жылы бұл сома: 33 745 x12 = 404 940 теңгені құрайды. Бұл сомадан артық қаражаттың барлығы тек ай сайын төленеді. Қорыта келе айтар болсақ, БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері Үкімет Қаулысымен бекітілген, Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде (12/1) айқындалады. Әдістеме бойынша зейнетақы жинақтарының сомасын, алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті ескеріледі. Зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті – зейнетақы жинақтарының инвестициялық басқаруда болған мерзімін есепке ала отырып, олардың болашақтағы құнын ескеретін көрсеткіш. зейнетақы төлемдерін алушының жасына қарай оның зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті коэффициентке көбейтіліп 12-ге бөлінеді. Одан шығатын сома зейнетақы Қорынан жүзеге асырылатын ай сайынғы төлем болып табылады. Бірақ, ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмайды.

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып тағайындалады.  Яғни, базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгереді.

Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерге 14 466 теңге көлемінде төленеді (ең төмен күнкөріс деңгейінің жартысынан сәл жоғары). Сонымен, зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болған жағдайда, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі 2 пайызға ұлғайтылып отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады және одан асырылмайды.

Ал ортақ зейнетақыға қатысты айтар болсақ, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі жоқ немесе ол алты айдан төмен болған азаматтар ортақ зейнетақы ала алмайды. Яғни, 1980-1982 жылдардан кейін туған азаматтарға 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі бойынша ортақ зейнетақы төленбейді.      

Дегенмен, бұл азаматтар мемлекет тарапынан зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктерін алуға құқылы (бұл бүгінгі базалық зейнетақы). Біртіндеп ортақ құрамдауыш келмеске кетеді, сәйкесінше 2030 жылға дейін және одан кейін жинақтаушы құрамдауыштың үлесі біртіндеп арта түседі.   

Зейнетақы жүйесін жаңғыртуда басты міндет - оны нығайту және зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыру. 

Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасы зейнетақыны әр түрлі төлем көздерінен берілетін төлемдер жиынтығы ретінде қарайды. Бұл төлем көздері: мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақылар (ортақ зейнетақы) және салымшының өзінің зейнетақы жинақтары (жинақтаушы құрамдауыш, БЖЗҚ-дан төлемдер). Бұл жердегі басты мақсат – зейнет жасындағы азаматтарды тұрақты негізде ай сайын лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету.


БЖЗҚ зейнетақы төлемдері салымшы өтініш жасаған күннен бастап белгіленіп, таусылғанша жүзеге асырылатындығын тағы да еске салады. Зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына дер кезінде жүгіну қажет.

«БЖЗҚ» АҚ-ға ұсыну тәсіліне қарай (кеңсеге өзі келген кезде/пошта байланысы арқылы/электрондық цифрлық қолтаңба пайдалана отырып «БЖЗҚ» АҚ веб-сайты арқылы/үшінші тұлға арқылы) зейнетақы жинақтарының төлемін ресімдеуге қажет барлық құжат тізбесін, оларды ресімдеуге қойылатын талаптарды, өтініштердің бланкілерін, сенімхаттардың үлгілерін, кеңселердің мекенжайларын, жұмыс тәртібін және байланыс телефондарын www.enpf.kz «БЖЗҚ» АҚ ресми сайтынан таба аласыз. Онда ақпарат үнемі жаңартылып тұрады, сондай-ақ байланыс орталығының 1418 телефонына хабарласа аласыз (Қазақстан аумағында қоңырау шалу тегін).

Азаматтардың БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын дер кезінде жүзеге асыруға мүмкіндіктері болу үшін БЖЗҚ 2017 жылдың 30 және 31 желтоқсаны күндері жұмыс істейтін болады.     


«БЖЗҚ» АҚ 2017 жылдың 30 және 31 желтоқсаны күндері барлық операциялық бөлімшелердің таңғы сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін жұмыс істейтіндігін хабарлайды. Басты мақсат – БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін туындаған немесе туындайтын салымшылардың осы төлемдерді рәсімдеу құқығын жүзеге асыру.     

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді.

Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

                                           

 

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz





Меморандум талаптары жүзеге асырылып жатыр


 Қызылорда облысы, Сырдария ауданы

 «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы Қызылорда  облысының әкімдігімен арадағы қол қойылған ынтымақтастық және өзара әрекеттестік жөніндегі Меморандум талаптарын жүзеге асырып жатыр. Осы күні Қор Сырдария аудандық әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы, «Қызылорда облысы бойынша Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы» мемлекеттік мекемесі, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті және «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ өкілдерімен бірге тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру және оларды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.        

2017 жылғы 07 қарашада, сейсенбі күні БЖЗҚ» АҚ Қызылорда облыстық филиалының қызметкерлері Сырдария ауданының Әкімдігінің мәжіліс залында, аудан әкімдігінің активтері, сондай-ақ мемлекеттік органдар, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалы өкілдері және тұрғындармен кездесті.

Өзінің алғы сөзінде «БЖЗҚ» АҚ Тереңөзек қызмет көрсету орталығының бастығы Есниязова Ләйла Айыпқызы тұрғындардың зейнетақымен қамсыздандыру бойынша қаржылық сауаттылығын, зейнетақы заңнамасы және Қор қызметіндегі жаңа енгізілімдер туралы хабардарлығын арттыру жолында қызу жұмыстар атқарылып жатқандығын атап өтті.

«Біз зейнетақы жүйесін әрбір адамға түсінікті етуге күш салып жатырмыз. Барлық тұрғындар мектеп қабырғасынан бастап зейнетақының не екендігін жете түсініп, болашақта өздерін лайықты зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін сауатты шеше білгендігін қалаймыз», - деді Қызмет көрсету орталығының басшысы.   

Түсіндіру жұмыстары және таныстырылымдық материалдар өте мазмұнды болды. Әсіресе «Зейнетақы жүйесі қалай құрылған» деп аталатын таныстырылым қатысушылардың ерекше назарын аударды. Онда Қор мамандары зейнетақы жүйесінің үш деңгейі туралы жан-жақты әңгімеледі.     

Сонымен қатар қатысушылар БЖЗҚ-ның артықшылықтары туралы бейнеролик тамашалап, зейнетақы активтері біріктірілген соң, комиссиялық сыйақының көлемі бұған дейін жеке зейнетақы қорлары алып келген комиссиялық сыйақы көлемінен едәуір азайғандығын білді. 

Одан басқа, зейнетақы активтері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына шоғырландырылған соң әкімшілік шығындар азайтылып, салымшылар үшін тәуекелдерді азайту мақсатында инвестициялық стратегияның қайта қаралғандығы айтылды.   

Шара қонақтары www.enpf.kz сайтындағы болжамды зейнетақы калькуляторы арқылы болашақ зейнетақыны айқындау бойынша интерактивтік шеберлік сыныбынан өтті.    

Салымшылардың бірінің айтуынша, мұндай шараларды жиі өткізіп тұру керек.

«Өте қызықты болды, - деді қонақ, - мен көп нәрсе білдім. Енді зейнеткерлікке шыққанда қанша мөлшерде зейнетақы алатынымды, сондай-ақ зейнетақы жүйесінің көп деңгейден тұратындығын білдім және басқа да көптеген мағлұматтар алдым. Шақырағандарыңыз үшін рахмет. Келесі жолы да міндетті түрде келемін».

Шара соңында оған қатысушылар БЖЗҚ қызметінің негізгі көрсеткіштерімен танысты.

2017 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,27 трлн теңге болды. Шарттардың барлық түрлері бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 10,09 млн бірлік, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 9,62 млн бірлік болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша салымшылардың ЖЗШ саны 430,3 мың бірлікті, ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша 39,83 мың бірлікті құрады. 

2017 жылдың басынан бері салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 297,06 млрд теңге болды. Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы жыл басынан бері 4,3 пайызды құрады. Осы кезеңде инфляция деңгейі 3,8 пайыз болды.   

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қордың басқару кеңесіне берілді.

Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

                                           

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz



                1.      Ерікті зейнетақы жарналарын кім және қашан ала алады?


«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 33-бабына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында  зейнетақы жинақтары бар:

1) елу жасқа толған;

2) мүгедек болып табылатын;

3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған адамдар ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқылы.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, құжаттар топтамасы ұсынылған соң БЖЗҚ белгіленген мерзімде зейнетақы жинақтарын төлеуді жүзеге асырады (ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша ережеге сәйкес 10 жұмыс күні белгіленген, бірақ іс жүзінде бұл бар болғаны 3-4 күнді алады). 

Қажетті құжаттардың маңызды тізбесі, оларды БЖЗҚ-ға ұсыну тәсіліне қарай (Қорға өзі келгенде/пошта байланысы/үшінші тұлға арқылы жүгінгенде), сондай-ақ төлем валютасының түріне қарай өтініш бланкілері мен оларды толтыру үлгілері, сенімхат үлгілері www.enpf.kz мекенжайы бойынша БЖЗҚ веб-сайтында орналастырылған.  

БЖЗҚ кеңсесіне өзі келгенде алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі мен салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы және алушының банктік шоты туралы мәліметтер қажет.   

Сенім білдірілген тұлға немесе қамқоршы арқылы жүгінгенде:

1) алушының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;

2) нотариат куәландырған сенімхат немесе оның нотариат куәландырған көшірмесі/заңды өкілдің куәлігі/заңды өкілді тағайындау туралы анықтама;

3) сенім білдірілген тұлғаның/заңды өкілдің  жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы;

4) алушының банктік шоты туралы мәліметтер.

Пошта байланысы арқылы жүгінгенде: БЖЗҚ белгіленген нысандағы алушы өздігінен толтыратын зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш (өтініш бланкісінің өзекті нысаны  - №3 қосымша, БЖЗҚ web-сайтында орналастырылған), бұл ретте алушының зейнетақы төлемін тағайындау туралы өтініштегі қолын нотариат куәландырады (егер нотариаттық куәландыру тұрғылықты мемлекетте жасалса); 

2) алушының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;

3) БЖЗҚ белгіленген нысанға сәйкес зейнетақы төлемдерін жасау тәртібі мен талаптары туралы қосымша келісімді алушының өзі 2 нұсқада толтырады және қол қояды (келісім бланкісінің өзекті нысаны «БЖЗҚ» АҚ web-сайтында орналастырылған);

4) алушының банктік шоты туралы мәлімет.

Ерiктi зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, сондай-ақ зейнетақы төлемдерiн төлеу тәртiбi ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келiсуi бойынша белгiленедi.

 

2.      Зейнетақы жинақтарын алу барысында түпкілікті сомаға қандай салық салынады?

       «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 158, 160 және 170 - бабына сәйкес БЖЗҚ-дан төленетiн зейнетақы төлемдерi төлем көзінен жеке табыс салығы салынатын табысқа жатады. Зейнетақы төлемдерін алушыдан Салық кодексінде қарастырылған түзетулер мен салық шегерімдерін ескере отырып, 10 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығы салынады. Жеке табыс салығы зейнеткерлік жасқа жеткен тұлғалардан салық шегерімі қолданылған соң барып зейнетақы төлемдерінен ұсталады. Салық заңнамасына сәйкес жеке табыс салығы салынбайтын, ең төмен жалақы мөлшеріндегі салық шегерімі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген. Ол әрбір табыс есептелген айда қолданылады.  

Кіріс түзетулері қолданылмайтын адамдар үшін жеке табыс салығы салынбайтын салық шегерімінің сомасы ағымдағы қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының 12 еселенген мөлшеріне тең. Басқа сөзбен айтқанда, биыл ең төмен жалақы мөлшері 24 459 теңгені құрайды. Сәйкесінше жеке табыс салығы салынбайтын жылдық сома 293 508 теңгені құрайды деген сөз (12 x 24 459). Мысалы, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы 937 350 теңгені құрайтын болса, бұл сомадан 293 508 теңгені алып тастаймыз, сонда 643 842 теңге қалады. Мінеки, осы 643 842 теңгеге жеке табыс салығы салынады. 

БЖЗҚ кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдеріне өткен жағдайда да республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және табысты есептеу күніне қарай қолданыста болған бір ең төмен жалақы мөлшерінде салық шегерімі қолданылады. Сәйкесінше егер кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің сомасы ең төмен жалақыдан аз болатын болса, онда зейнетақы төлеміне жеке табыс салығы салынбайды.

3.      Қазір зейнеткерлер өздеріне тиесілі зейнетақы жинақтарының жылдық сомасын тұрақты пайыздық сыйақы алу мақсатында банк депозитіне салу мүмкіндігіне ие. Ал 2018 жылдан бастап олар бұл мүмкіндіктен айрылады. Сонда зейнетақы жинақтарының табыстылығы қалай болады, олар құнсызданып кетпей ме?

Қазіргі таңда зейнеткерлердің басым бөлігі БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін белгіленген кесте бойынша жылына бір рет, яғни «жыл сайынғы» кесте бойынша алады. Ал «ай сайын» және «тоқсан сайын» алу мүмкіндігін пайдаланғылары келмейді. Сәйкесінше алушылар БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерін зейнетақы ретінде емес, жәй жинақталған сома ретінде қабылдайды. Сөйтеді де жылдық соманы алып, оны балалары мен немерелерінің оқуларына, той-томалаққа және әр түрлі сатып алуларға жұмсайды.  

Тек кейбір зейнеткерлер ғана бұл соманы ай сайын немесе жыл сайын пайыздық сыйақы алып тұру үшін депозитке салады. Дейтұрғанмен, депозит бойынша сыйақы ретінде есептелген пайыздар, күнделікті қажеттілік үшін жоғары табыс әкеле қояры неғайбыл. Ал БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары тұрақты түрде инвестицияланады және табыс әкеледі. Заңға сәйкес БЖЗҚ зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі сенімгерлікпен басқарады.

ҚР Ұлттық Банкінің инвестициялық стратегиясы зейнетақы активтерін әртараптандыруға бағытталған. Қазіргі таңда зейнетақы активтері ұзақ мерзімді келешекте тұрақты табыс алу және тәуекелдерді төмендету мақсатында теңге және шетелдік валютада номинирленген әр түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады.

Қазіргі таңда зейнетақы активтері мемлекеттік құнды қағаздарға, ҚР эмитенттерінің корпоративтік облигациялары мен акцияларына инвестицияланған. Сонымен қатар екінші деңгейдегі отандық банктер мен шетелдік банктердің депозиттеріне салынады және сенімді шетелдік эмитенттердің қаржы құралдарын сатып алуға жұмсалады. Инвестициялық басқару нәтижесінде инвестициялық табысқа қол жеткізіледі және ол салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына күн сайын есептеліп отырады. Басқа сөзбен айтқанда, зейнетақы шотынан зейнетақы төлемдері төлене бастаса да, шотта қалған қаражат инвестицияланып, оларға табыс түсіп отырады.

«Қазақстанда зейнетақымен қамзсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес мемлекет зейнеткерлік жасқа толған алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының инфляция деңгейiн ескере отырып, нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi.

 

4.      Салымшы қанша қаражат жинағандығын және шотына қандай инвестициялық табыс есептелгендігін қалай біле алады?

Бұл салымшы үшін ең басты ақпарат. Оны мынадай жолдармен алуға болады: Нақты айтар болсақ: 

- салымшы зейнетақы жинағының жай-күйі туралы ақпаратты Қор кеңсесіне тікелей өзі келгенде (республика бойынша Қордың 231 дербес қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді);

- пошта байланысы арқылы (үзінді-көшірме салынған конверт әр жылдың басында салымшының Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу туралы өтінішінде көрсетілген мекенжайына жеткізіледі);

- электрондық пошта арқылы (оны таңдаған кезде зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат салымшының ЖЗШ ашу туралы өтінішінде немесе хабарлау тәсілін өзгерту туралы келісімге қол қою кезінде көрсеткен электрондық поштасына жолданады);

- логин мен құпия сөзді (пароль) немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, www.enpf.kz сайтындағы «Интернет-үзінді көшірме» бөліміне кіріп, (логин мен құпия сөзді қолдану арқылы ENPF ұялы қосымшасын пайдалануға да болады) өтініш жасау арқылы ала алады.

- egov.kz электрондық үкіметі арқылы. Бұл қызмет www.egov.kz порталында «Азаматтар» категориясы – «Әлеуметтік қамсызданлдыру» айдары - «Зейнетақымен қамсыздандыру» бөлімінде қолжетімді. Бұл қызметті пайдалану үшін электрондық цифрлық қолтаңба және электрондық үкімет порталында тіркелу қажет.   

2017 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 786 365 мың адам үзінді-көшірмелерін өздерінің электрондық мекенжайларына алса, шамамен 3,7 млн адам ақпаратты сайт арқылы және әр түрлі операциялық жүйелерде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы алу мүмкіндігіне ие.  

Бір миллионнан астам адам ұялы қосымшаны пайдалана бастады. Мұның барлығы тұрғындардың зейнетақы жинақтарына деген қызығушылығының арта бастағандығын көрсетеді.  Ал оның көлемі тұрақты түрде артып келеді. Естеріңізге сала кетелік, 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,5 трлн теңгеден асты. Жыл басынан бергі өсім 853 млрд теңгені құрады.

2017 жылдың 9 айы ішінде салымшылардың зейнетақы шоттарына үлестірілген таза инвестициялық табыс 462 млрд теңгеден асты. 2017 жылдың 1 қаңтарынан 30 қыркүйегіне дейінгі кезеңде БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы 6,68 пайызды құрады. Бұл кезеңде инфляция 4,2 пайыз болды.

5.      Зейнетақы төлемдерін алушы қайтыс болған жағдайда оның жинағын кім және қалай ала алады?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 5-бабының 5-ші тармағына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, зейнетақы Қоры қажет жағдайда оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінде (2269*52,4 = 118 895, 6 теңге) жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді. Бірақ, бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиіс. Айта кетелік, жерлеуге арналған соманы Қазақстан Рееспубликасының резиденті алатын болса, оған салық салынбайды. Егер, жерлеуге арналған біржолғы төлемнен кейін шотта қалған ақшаның сомасы ең төмен зейнетақы мөлшерінен (биыл бұл соманың көлемі - 31 245 теңге) аспайтын болса, онда бұл қалдық жерлеуге арналған біржолғы төлемге қосылып төленеді.

Зейнетақы жинақтары өсиет бойынша және аталмыш Заңның 31-33 – баптарының 2 тармағында белгіленген тәртіпке сәйкес мұраға қалдырылады. Заң бойынша мұрагер болу құқығын бiрiншi кезекте мұра қалдырушының балалары, оның iшiнде ол қайтыс болғаннан кейiн тiрi туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады. Мұра қалдырушының немерелерi мен олардың ұрпақтары ұсыну құқығы бойынша мұра алады. Егер бiрiншi кезектегi мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын екiншi кезекте мұра қалдырушының бiр әке, бiр шешеден туған және әкесi немесе шешесi бөлек аға-iнiлерi мен апа-қарындастары (сiңлiлерi), сондай-ақ оның әкесi жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесi - тең үлеспен алады. Егер бiрiншi және екiншi кезектегi мұрагерлер болмаса, үшiншi кезекте мұра қалдырушының әкесiмен бiрге туған ағалары мен апалары, нағашы ағалары мен нағашы апалары тең үлеспен алады. Мұра қалдырушының немере аға-iнiлерi, апа-қарындастары (сiңлiлерi) мұраны ұсыну құқығы бойынша алады. Мұрагерлікке құқығы бар тұлғалардың толық тізімі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көрсетілген. Ал қайтыс болған салымшының зейнетақы жинақтарын алуға қажетті негізгі құжаттардың бірі, ол – мұрагерлік құқығы туралы куәлік. Мұраны қабылдау мұра ашылған жердегi нотариусқа өтiнiш беру арқылы жүзеге асырылады. БЖЗҚ-дағы мұраға қалдырылған зейнетақы төлемдері мысалы, мұрагерлік құқығы туралы куәлікте көрсетілген үлес бойынша бір жолғы төлем ретінде жүзеге асырылады. Бұл ретте зейнетақы төлемдеріне 10 пайыз көлемінде жеке табыс салығы салынады және салық заңнамасында қарастырылған түзетулер ескеріледі (алушыда жеке табыс салығы бойынша жеңілдік бар болған жағдайда). Бұл ретте мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтарын алу үшін БЖЗҚ-ға негізгі құжаттармен қатар:  

зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болғаны туралы куәліктің көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы;

мұрагерлік құқығы туралы куәліктің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі не мұраға берілетін мүлікті бөлу туралы келісімнің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі және заңды күшіне енген сот шешімі ұсынылады.

Мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтарын алуға арналған құжаттардың толық тізімі БЖЗҚ-ның www.enpf.kz сайтының «Қызметтер» айдарының «Алушыларға» деп аталатын бөлімінде орналастырылған

Кіру